Сиқырлы домбыра мен "Қазақстан таризына саяхат"

Пернебай Нұрберген

by Nurbergen

Сиқырлы домбыра мен "Қазақстан таризына саяхат"

Ғажайып домбыра Ертеде емес, қазіргі Қазақстанда Нұрасыл есімді кішкентай бала өмір сүріпті. Ол өте қызыққұмар екен. Бір күні атасының үйіндегі ескі сандықты ашып, ішінен ерекше домбыра тауып алады. Домбыраның шанағында алтын түсті оюлар, ал мойнында кішкентай жазу бар екен: «Бұл домбыра сені туған еліңнің тарихына саяхатқа апарады».

Нұрасыл домбыраны қолына алып, бір күйді шертіп қалғанда, айналасы жарқырап, алдында үлкен алтын қақпа пайда болады.

Бір ақсақал оған: – Балам, бұл – сенің ата-бабаларың өмір сүрген Ұлы дала. Қазақ халқының тарихы осы кең даламен тығыз байланысты. Ата-бабаларымыз мал бағып, егін егіп, қолөнермен айналысып, өз тұрмысын қалыптастырған, – дейді. Нұрасыл айналасына таңғала қарап: – Сонда қазақ халқының тарихы осындай кең даладан бастала ма? – деп сұрайды. – Иә, балам. Бұл дала талай ұрпақтың мекені болған, – дейді ақсақал.

Келесі сәтте домбыра қайтадан үн шығарып, Нұрасылды көне түркілер заманына алып келеді. Мұнда ол ерекше таңбаларды, тасқа қашалған жазуларды көреді. Ақ сақалды қария: – Бұлар – көне түркі жазбалары. Олар бізге ата-бабаларымыздың өмірі, дүниетанымы мен ел басқаруы туралы мәлімет береді. Тіл мен жазу – халықтың үлкен байлығы, – деп түсіндіреді. Нұрасыл тасқа жазылған таңбаларға қызыға қарапты.

Домбыраның келесі үні Нұрасылды XV ғасырға алып барады. Ол кең далада Керей мен Жәнібек хандарды көреді. Қасында тұрған шежіреші: – 1465–1466 жылдары Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының негізін қалады. Бұл – қазақ халқының тарихындағы маңызды кезең. Қазақ халқының бірлігі мен дербес ел болу жолындағы үлкен қадам еді, – деп түсіндіреді. Нұрасыл қуанып: – Демек, біздің еліміздің өзіндік тарихы, хандары болған екен ғой! – дейді.

Келесі аялдамада Нұрасыл қазақтың ұлы тұлғаларымен танысады. Ол Абай Құнанбайұлын, Ыбырай Алтынсаринді және Шоқан Уәлихановты көреді. Абай оған: – Балам, білім алудан ешқашан жалықпа. Ғылым мен өнер адамды биікке жетелейді, – дейді. Ыбырай: – Балалар, оқыңдар, білім алыңдар. Болашақ білімді ұрпақтың қолында, – депті. Ал Шоқан оған әлемді танып, зерттеудің маңызын түсіндіреді. Нұрасыл олардың сөздерін есіне сақтап алады.

Домбыра тағы да күмбірлейді. Бұл жолы Нұрасыл 1991 жылға келеді. Ол көк түсті Туды көріп, жанында тұрған адамдардың қуанышын байқайды. Қарт ұстаз оған: – 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Бұл – халқымыз үшін аса маңызды тарихи күн. Енді Қазақстан өз алдына дербес мемлекет ретінде дамып келеді, – дейді. Нұрасыл көк Туға қарап: – Қандай әдемі! Бұл – менің елімнің Туы! – деп қуанады.

Атасы немересін қарсы алып: – Ал, балам, саяхатыңнан не үйрендің? – деп сұрайды. Нұрасыл: – Ата, мен Қазақстанның тарихы өте бай екенін білдім. Біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі, тілі, өнері болған. Қазақ хандығы құрылып, еліміз тәуелсіз мемлекетке айналған. Енді біздің міндетіміз – осы елді жақсы көру, тарихын білу, білім алу және оны көркейту! – деп жауап береді. Атасы немересінің жауабына риза болып: – Дұрыс айтасың, балам. Өткен тарихын білген ұрпақ болашағын да бағалай алады, – дейді. Сол күннен бастап Нұрасыл Қазақстан тарихын оқуға, домбыра үйренуге және өз елінің мақтанышы болуға армандайды.

Sharing

Hint: Share your story using this link

Nurbergen's Storybooks

No stories here yet.