Кішкентай жұлдыз және мейірімді жүрек
Закуханова Іңкәр
by Инкар
Кішкентай жұлдыз және мейірімді жүрек
Ерте, ерте, ертеде, аспан әлемінде мыңдаған жарқыраған жұлдыздар өмір сүріпті. Сол жұлдыздардың арасында Айша есімді кішкентай жұлдыз болыпты. Айша басқа жұлдыздар сияқты жарқырағысы келетін. Бірақ оның жарығы өте әлсіз еді. Сондықтан ол үнемі мұңайып жүретін.Бір күні Айша аспандағы үлкен Жұлдыздан: — Жұлдыз әпке , мен неге басқа жұлдыздар сияқты жарқырай алмаймын? — деп сұрапты.
— Қызым, нағыз жарық тек аспанда емес, адамның жүрегінде де болады. Егер сен біреуге жақсылық жасасаң, жүрегің ерекше жарқырайды, — деп жауап беріпті. Айша бұл сөздерді түсінбей, жер бетіне түсіп, нағыз жарықтың не екенін білгісі келеді. Ол орманға келіпті. Орманда кішкентай қоянның жылап отырғанын көреді.
— Қоян, неге жылап отырсың? — деп сұрайды Айша. — Мен анамнан адасып қалдым. Үйге баратын жолды білмеймін, — дейді қоян. Айша оған көмектескісі келеді. Ол өзінің кішкентай жарығын пайдаланып, қоянға жол көрсетеді. Көп ұзамай қоян анасын тауып алады. — Рақмет саған, кішкентай жұлдыз! Сен маған көмектестің! — деп қуанады қоян. Сол сәтте Айшаның жарығы сәл күшейеді.
Айша әрі қарай жолын жалғастырады. Біраз жүргенде, қанаты суланып, ұша алмай отырған кішкентай көбелекті кездестіреді. — Көбелек, саған не болды? — дейді Айша. — Жаңбырдан қанаттарым суланып қалды. Ұша алмай отырмын, — деп жауап береді көбелек. Айша оны үлкен гүлдің жапырағының астына апарып, жаңбырдан қорғайды.
Күн шыққан соң көбелек қанаттарын қағып: — Сен өте мейірімдісің! Жақсылығың үшін рақмет! — дейді. Осы кезде Айшаның жарығы бұрынғыдан да қатты жарқырай бастайды.
Кеш батып, Айша аспанға қайта оралады. Оны көрген жұлдыздар таңғалып: — Айша, сен қалайша осылай жарқырап кеттің? — деп сұрайды. Айша күлімдеп: — Мен бүгін екі досыма көмектестім. Енді түсіндім: нағыз сұлулық адамның сыртқы көрінісінде емес, оның мейірімді жүрегінде екен! — деп жауап береді. Сол күннен бастап Айша аспандағы ең жарық жұлдыздардың біріне айналыпты.
Ал жер бетіндегі балалар түнде аспанға қарағанда, Айшаның жарқыраған жарығын көріп, бір-біріне жақсылық жасау керектігін еске түсіретін болыпты. Сөйтіп, кішкентай жұлдыз баршаға бір шындықты үйретіпті: жақсылық жасаған сайын әлем нұрлана түседі.
Sharing
Hint: Share your story using this link
